Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің баспасөзге арналған бірлескен мәлімдемесі - Gazete Şanlıurfa

Gazete Şanlıurfa

SON DAKİKA

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің баспасөзге арналған бірлескен мәлімдемесі

  🇰🇿 🇰🇬 🇹🇯 🇺🇿 🇹🇲 🇪🇺 Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің баспасөзге арналған...

29 Ekim 2022
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің баспасөзге арналған бірлескен мәлімдемесі

 

 

 

Жаңалықтар

Ақорда

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің баспасөзге арналған бірлескен мәлімдемесі

2022 жылғы

2022 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті С.Н. Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Э. Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.М. Мирзиёев, Түрікменстан Президенті С.Г.Бердымухамедов (Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары атынан) және Еуропалық Кеңес Президенті Ш. Мишель Астана қаласында жоғары деңгейдегі алғашқы өңірлік кездесу өткізді.

Қатысушылар өзара құрмет пен сенімнің ашық және достық ахуалында Орталық Азия мен ЕО мемлекеттері арасындағы көп қырлы және өзара тиімді ынтымақтастықтың өткен кезеңін қорытындылады және ортақ құндылықтар мен өзара мүдделерге негізделген берік, жан-жақты және перспективалы әріптестік құрылымын жалғастыруға өз бейілдіктерін растады. Олар бейбітшілік, қауіпсіздік, демократия, заң үстемдігі, халықаралық құқық толық сақталған кезде орнықты даму жолында бірлесіп жұмыс істеуге өз пейілдерін растады. Олар БҰҰ Жарғысын, әсіресе барлық елдердің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын сақтауға, күш қолданбауға немесе оны қолдану қаупін тудырмауға және халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешуге деген адалдықтарын білдірді.

Орталық Азия мен ЕО мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бері 30 жыл ішінде өңіраралық ынтымақтастық көптеген салалар мен секторларда ілгерілеп, өсіп-өркендеу мен тұрақтылық жолындағы көпжақты әріптестіктің үлгісі болды.

Көшбасшылар 2019 жылғы 17 маусымдағы ЕО-ның Орталық Азия жөніндегі Стратегиясы шеңберінде өңіраралық ынтымақтастықтың жетекші қағидаттары болып табылатын заң үстемдігі, адам құқықтары, гендерлік теңдік және институттар жұмысы саласындағы диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Қатысушылар жоғары деңгейдегі қолданыстағы платформалар шеңберінде Орталық Азия мен ЕО арасындағы қарым-қатынастарды институционализациялауды құптады, сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастықты дамытуда азаматтық қоғамды белсенді тартудың маңыздылығын баса айтты.

Еуропалық Кеңес Президенті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің бірлескен мәлімдемелерінде белгіленген өңірлік ынтымақтастық пен өзара байланысты нығайту бойынша Орталық Азия елдері көшбасшыларының күш-жігерін құптады.

Өз кезегінде Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары ЕО-ның пандемиядан кейінгі экономикалық дамуды жандандыруға, COVID-19 тудырған әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлерді еңсеруге және өңірдегі трансшекаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Өзара сауда мен инвестициялар тетіктерін қолдау және кеңейту барлық тараптардың әлеуметтік-экономикалық дамуына сапалы серпін береді. Тараптар бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау өңірге инвестициялардың одан әрі өсуіне, өзара байланыс пен сауданың дамуына ықпал ететінін атап өтті. Осы тұрғыда тараптар ЕО-Орталық Азия экономикалық форумының жаңа платформасын құптады.

Қатысушылар Ауғанстандағы гуманитарлық ахуалға жалпы алаңдаушылық білдіріп, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудегі өзара іс-қимылды кеңейту қажеттігін мойындады. Қатысушылар барлық ауғандықтардың, атап айтқанда әйелдердің, қыздардың және аз ұлттардың адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын көтермелеу мен құрметтеудің, сондай-ақ инклюзивті және өкілді үкімет құрудың маңыздылығын атап көрсетті. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Өзбекстан университеттерінде, сондай-ақ Қырғыз Республикасы, Тәжікстан мен Түрікменстандағы арнайы білім беру бағдарламалары шеңберінде ауған қыздарын оқыту бойынша ЕО және БҰҰДБ пилоттық жобасының аралық қорытындылары маңызды болып табылады. Аталған бастамалар ауған азаматтарының жоғары білім алуына мүмкіндіктер жасауға бағытталған және ауған қоғамындағы әйелдердің инклюзивті әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

Тараптар Орталық Азия мен ЕО арасындағы шекараны басқару және қауіпсіздік саласындағы, терроризмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, адам саудасына, мигранттар контрабандасына, атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақтың заңсыз айналымына, трансұлттық есірткі трафигіне және әмбебап қағидаттарға сәйкес киберқауіпсіздік қатерлеріне қарсы бірлескен күресте ынтымақтастықтың оң нәтижелері мен әлеуетін атап өтті.

Қатысушылар ЕО-ның «Global Gateway» стратегиясына және Орталық Азия елдерінің көлік пен транзитті дамытудың ұлттық мақсаттарына сәйкес Орталық Азия мен ЕО арасында орнықты қатынас құруда өңірлік көзқарас әзірлеу мен ынтымақтастықтың айрықша маңыздылығын баса айтты.

Орталық Азия елдерінің көшбасшылары ЕО-ның «жасыл» даму стандарттарын сақтау кезінде орнықты көлік логистикасы мен цифрлық өзара байланысты дамытуға жәрдемдесу ниетін құптайды. Орталық Азиядағы орнықты өзара байланыс бойынша ЕО-ның күтілетін зерттеу нәтижелері де, Орталық Азия мен ЕО-ның көлік бағдарларын, оның ішінде Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) үйлестіру жөніндегі тараптар арасындағы тығыз ынтымақтастық та маңызды мәнге ие. Осы тұрғыда қатысушылар 2022 жылғы қарашада ЕО-Орталық Азия Министрлерінің өзара байланыс жөніндегі конференциясын өткізуді құптады.

Қатысушылар тараптардың Париж міндеттемелеріне сәйкес «жасыл даму», қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі саласындағы бірлескен іс-қимылдарды күшейтуге мүдделілік білдірді. ЕО-ның су ресурстары мен трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқару тетіктерін әзірлеу мен енгізудегі оң тәжірибесін назарға ала отырып, қатысушылар Орталық Азиядағы инновациялық, өзара тиімді және ашық су-энергетика әріптестігін іске асыру жолында өңіраралық ынтымақтастықты нығайту нұсқаларын талқылады. Тараптар ортақ сын-қатерлерге бірлескен тәсілдерді әзірлеу үшін екі өңірдің талдау орталықтары арасындағы сараптамалық-талдамалық өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап көрсетті.

Қатысушылар Қазақстанға Орталық Азия мен ЕО мемлекеттері басшыларының алғашқы кездесуі жөніндегі бастамасы мен оны өткізгені үшін терең ризашылықтарын білдіріп, тұрақты кездесу жөнінде уағдаласты.

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://www.akorda.kz/kz/ortalyk-aziya-memleketteri-basshylarynyn-zhane-europalyk-kenes-prezidentinin-baspasozge-arnalgan-birlesken-malimdemesi-2792221

 

 

 

HABER HAKKINDA GÖRÜŞ BELİRT
İLGİLİ HABERLER
POPÜLER HABERLER
SON DAKİKA HABERLERİ